Аймақтар • 06 Маусым, 2017

Солтүстік Қазақстан ормандарын жібек құрты жайлап барады

594 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мамандардың айтуынша, өсімдік шаруашалығы үшін аса зиянкес саналатын жібек құрты Қызылжар ауданына қарасты Соколов орман шаруашылығының 56 гектар жасыл желегіне біраз залалын тигізгенге ұқсайды.

Солтүстік Қазақстан ормандарын жібек құрты жайлап барады

Осыған орай  фитосанитарлар дәрілеу жұмыстарына кірісіп кетті. Биыл зиянкестерге қарсы  күрес шаралары  Ресеймен шекаралас аудандарды қамтымақ. Себебі, бұл аумақтарда жібек құрттардың таралуы шамадан тыс көп көрінеді. Бүгінге дейін бар-жоғы 47 гектар  орманды алқап өңделіпті.

«Зиянкестер қырық күн қайың жапырағымен қоректеніп, көбелекке айналғаннан кейін жұмыртқалайды. Осы кезеңді мүлт жібермеу керек. Өкініштісі сол, көрші елде жәндіктермен күрес өз мәнінде  жүргізілмегендіктен, төндірер қаупі, тигізер залалы аз емес», дейді  табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Қайролла Байтеңізов.

Бір қиындық тудыратыны, жібек құрттар «жайылымға» кешке ғана шығады екен. Сол себепті,  дәрілеу жұмыстары қас қарая  атқарылады. Өсімдік зиянкестерге қарсы негізінен «Геркулес» атты биологиялық препаратты қолданылуда.

«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ СҚОФ-ның  бөлім меңгерушісі Ерлік Есімсейітов дәрі сатып алу үшін ел қазынасынан 380 мың теңге бөлінгенін жеткізді.

Былтыр  3 мың гектар орманды алқап зарарсыздандырылған болатын.

Өмір Есқали,
«Егемен Қазақстан»